64 жасар велошабандоз Рәббім Борашев мамырдың 3-і күні Парижде өтетін олимпиада ойындарына жолға шығады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнеулік Рәббім Борашев бұл жолғы сапарын Баку қаласынан бастайды.
-Елде әртүрлі велотурларды ұйымдастырып жүргеніме 4 жылдай болды. Ең ауқымды тур - Маңғыстаудан Алтайға сапарым болды, ол жерде 5406 метр биіктікке шықтым. Парижге сапарымды Бакуден бастауды жоспарлап отырмын. Әрі қарай Тбилиси, Батуми қалалары бар. Анкараға дейін велосипедпен барамын. Турда Венгрия, Германия, Франция елдерінің территориялары бар. Жолдың ұзындығын 5 мың шақырым деп болжап отырмын, - дейді.
Ол Парижге дейінгі жолды 2 айда жүріп өтуді жоспарлап отыр.
-Олимпиада ойындары басталғанда барлық қақтығыстар, соғыс тоқтатылады. Бұл - қалыптасқан үрдіс, жақсы ырым. Мен де елдің амандығын тілеп, қазақ елінің туын алып бара жатырмын. Осылай елдің спортшыларына қолдау білдіргім келді, - деді Рәббім Борашев.
Рәббім Борашевтың негізгі мамандығы - архитектор. Үш ұлы велотурына қолдау білдіріп, бірге шығып тұрады.